Елді сауаттандыру ісіне жан сала кіріскен ҚазАССР үкіметінің қаулысына сәйкес 1932 жылы Орал қаласында ашылған педагогика институтының физика-математика бөлімі ашылды, 1936 жылы физика және математика кафедрасы құрылды. 1939 жылы кафедра екіге бөлінеді: математика және физика кафедралары. Математика кафедрасының меңгерушісі В.И.Шмелев кафедраның қалыптасуына, оның ұжымының кәсіптік өсуіне, қиын да қайғылы Ұлы Отан соғысы жылдарында жұмыс жасауына зор еңбек сіңірді.

1953-1954 оқу жылы математика кафедрасы екіге бөлінді: жоғары (меңгерушісі Ш.Т.Еркеғұлов), элементарлық (меңгерушісі Ю.Ф.Тумпуров). 1955-1968 жылдары П.И.Токарев кафедраға жетекшілік етті. 1960 жылдары кафедра құрамы Ш.Т.Еркеғұлов, П.К.Суетин, Т.Ж.Назиров, А.К.Вознякевич, С.Б.Аблялимов, Г.А.Борисов, Ю.К.Суетин, Х.К.Кенжеғұлов, Н.С.Байгузов сияқты ғалымдармен толықты. 1968-1972 жылдары (жоғары математика кафедрасының меңгерушісі Ю.К.Суетин) М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті мен КСРО ПҒА-нің Бүкілодақтық сырттай математикалық мектебінің (БСММ) Орал филиалы құрылып, жұмыс жасады. ММУ және Новосибирск филиалдарымен қатар оқушыларды өз бетімен қабылдауға құқылы болды (бұл жөнінде БСММ-нің жұмыстарының мазмұны мен қабылдау шарттары жарияланған сол жылдардағы «Квант» жорналының 1-ші нөмірінде атап көрсетіліп жүрді). КСРО ПҒА және ММУ БСММ-нің Орал филиалы 30 жыл жұмыс істеді (1963-1993 жж.)

1970 жылдары «математика», «физика» мамандықтары бойынша 4 жылдық және «жалпы техникалық пәндер мен еңбек (физика мамандығы қосымша)» мамандығы бойынша 5 жылдық оқу мерзімді жаңа оқу жоспары енгізілді. Жоғары математика және физика кафедралары бөлініп, нәтижесінде алгебра және геометрия, математикалық анализ, теориялық және эксперименталды физика, жалпы физика және физиканы оқыту әдістемесі, математиканы оқыту әдістемесі кафедралары құрылды. Кафедраларға ірі оқу орындарының аспирантурасын бітіріп, өз түлектері оралды. Олар: Қ.А.Төлежанов, Ө.Қ.Құспанов, К.Ж.Жұмахметов, М.С.Хұсаинов, З.Ж.Жұбанышева, Ж.Сырым (Камкиев), Р.Қ.Құсайынов, С.Х.Тлеуғалиев, С.К.Ахметкереев, Е.Г.Ташес. т.б.

1970 жылдары кафедралардағы әдістемелік жұмыстардың ұйымдастырылуына П.К.Суетин, А.К.Вознякевич, Ү.Б.Қобланова, Т.Ә.Әбілов, Т.И.Олейникова, Л.К.Давилина, Р.А.Мұқаналиева, Ю.Ф.Тумпуров, М.С.Хұсаинов, Ю.К.Ермолаева және т.б. үлкен жауапкершілікпен ат салысты.

1979-1980 оқу жылынан бастап алгебра және геометрия кафедрасы алгебра (меңгерушісі–доцент Ү.Б.Қобланова), геометрия (меңгерушісі–доцент Х.К.Кенжеғұлов) кафедралары болып екіге бөлінді.

1996 жылы мамыр айында педагогикалық институт Батыс Қазақстан гуманитарлық университеті болып құрылғаннан соң математика кафедралары біріктіріліп «Математика және МОӘ» кафедрасы болып қайта құрылды. Кафедра меңгерушісі болып доцент Н.С.Байгузов тағайындалды.

Кафедра қызметінің негізгі бағыты – студенттерге жоғары ғылыми-теориялық дәрежедегі сапалы білім беру. Осы салада студенттердің өздігінен жұмыстануын жоспарлау, ұйымдастыру, талдау, бақылауды Н.С.Байгузов, З.Ж.Жұбанышева, жоғары оқу орны мен мектепте математиканы оқытудың әдістерін А.А.Космосова, Ю.К.Ермолаева, Ж.С.Камкиева, А.И.Қарасаева, Л.Г.Орлова жүзеге асырды.

2000-2002 жж. аралығында қаладағы 3 мемлекеттік ЖОО біріктірілуіне байланысты кафедра Батыс Қазақстан аграрлық университетінің математика кафедрасымен бірге, үлкен ұжым болып, 14 факультеттің 41 мамандығының студенттеріне математиканың түрлі салаларын оқыту қызметін абыроймен атқарды. Кафедра оқытушылары Самара, Мәскеу, Тольятти, Орынбор қалаларында өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларда баяндама жасады.

Кафедра 2002 жылы сол кездегі университет ректоры – профессор Б.Қ.Дамитовтың бастамасымен Орал педагогикалық институтының алғашқы түлегі, ҚазКСР ҒА академигі, әлемге танымал математик А.Д.Таймановты еске алуға арналған және математика, физика, информатикадан ғылыми зерттеулерді дамыту мақсатында халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырды. Конференция жұмысына Қазақстанның, Ресейдің белгілі ғалымдары, соның ішінде А.Д.Таймановтың ұлы – Ресей ҒА академигі, Новосибирск мемлекеттік университетінің профессоры, физика-математика ғылымдарының докторы И.А.Тайманов және қызы – М.В.Ломоносов атындағы ММУ-нің доценті, физика-математика ғылымдарының кандидаты Н.А.Шкаликова қатынасты. Содан бері «Тайманов оқулары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция 2 жылда 1 рет тұрақты өткізіліп келеді.

2003-2004 оқу жылынан бастап (кафедра меңгерушілері Уланов Б.В., Жұмағалинева А.Е.) оқытудың дәстүрлі жүйесінің өзгеріп, кредиттік технологияға көшу, түлектерге «білім бакалавры» академиялық дәрежесі берілетін – өзгерістердің бастапқы кезеңі басталды. 2004 жылдан бастап «математика» мамандығы бойынша магистратура ашылып, магистрлар даярланады. 2006 жылы физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент П.И.Токаревтің 90 жылдығына арналған республикалық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды.

2010-2012 жж. аралығында 2 рет студенттердің республикалық математикалық олимпиадасы ҚР БҒМ шешімімен өткізілді. Оған мұрындық болған пәндік олимпиада жеңімпаздары - Б.Кабасов, Е.Стульников, т.б..

2009 жылдан физика және математика кафедралары біріктірілді (меңгерушісі - осы кафедраның 2001 жылғы түлегі, физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент А.А.Кульжумиева). 3 магистр Новосибирск мемлекеттік университетінің күндізгі аспирантурасында оқиды және 1 магистр Польшада Ұлы Казимир атындағы университетінде 2 жылдық тағылымдамадан өтті.

ҚР ҰҒА академигі, профессор, физика-математика ғылымдарының докторы М.Өтелбаев, Н.Темірғалиев, Ж.Сартабанов, Г.Имашев, Қ.Бақтыбеков, PhD докторы Н.Жакиев, спорттық олимпиада жеңімпазы Денис Тен, т.б. келіп, студенттер мен магистранттарға дәріс оқыды, ғылыми-әдістемелік семинарлар өткізді.

Соңғы жылдары кафедраның алыс-жақын шетелдердің ЖОО-мен байланысы атарлықтай дамуда. Математика мамандығының 40-қа жуық студенті мен магистранты академиялық ұтқырлық бағдарламасымен Ресей, Польша, Германия елдерінің университеттерінде білім алды. Қалмақ мемлекеттік университетінен ф.-м.ғ.к., доцент С.Б.Джиргалова «Комплекстік талдау» пәні бойынша; Польшаның Ұлы Казимир атындағы университетінен PhD докторы П.Своровски «Дискреттік математика және математикалық логика» пәні бойынша; осы университеттің профессоры К.Фабисяк «Атом және атом ядросының физикасы» пәні бойынша; Корея профессоры, PhD докторы Ян Ли ақпараттық-коммуникациялық технологиялар пәні бойынша дәріс оқыды. Новосибирск мемлекеттік университетінің ф.-м.ғ.д., профессоры Я.В. Базайкин «Ерекше нүктелер және топология» тақырыбында онлайн дәріс оқыды. Доцент Кульжумиева А.А. Қалмақ мемлекеттік университетінің студенттеріне «Дифференциалдық теңдеулер» пәні бойынша, Польшаның Быдгош қаласындағы «Туризм және мәдениет» институтынының студенттеріне «Дербес туындылы дифференциалдық теңдеулер» тақырыбында дәріс оқыды.

Университетте енгізілген «Инновациялық жобаларды енгізу» байқауына 2011-2012 оқу жылынан бастап жыл сайын кафедра оқытушылары қатысып, жүлделі орындарға ие болып жур. Озат тәжірибе ретінде жеңімпаздардың жұмыстары таратылады.

2012 жылдан бастап математика және физика мамандықтары бойынша көптілде оқитын студенттік топтар ашылды.

Түлектердің еңбекпен қамтылу көрсеткіші 95-100%. Түлектердің ішінде шетелде оқуын жалғастырып жатқандары да аз емес (Даупаев –Германияда, Ерментай М-Ресейде, т.с.с.).

2018 жылы кафедра: математика кафедрасы және физика кафедрасы (кафедра меңгерушісі болып доцент Б.В.Уланов) болып екіге бөлінеді. Кафедра ғалымдары қала және облыс, республикадағы білім беру мекемелеріне жоғары білікті мамандар даярлаумен, білім берудің сапасын көтерумен, оқыту үдерісіне жаңа технологиялық әдістерді енгізу мәселелерімен айналысады.