Елді сауаттандыру ісіне жан сала кіріскен ҚазАССР үкіметінің қаулысына сәйкес 1932 жылы Орал қаласында ашылған педагогика институтының физика-математика бөлімінен физика және математика кафедрасы 1936 жылы бөлініп шықты. Ал 1939 жылы бұл жалпы кафедра екіге бөлінеді: математика кафедрасы және физика кафедрасы.
Бұл кездегі математика кафедрасының меңгерушісі В.И.Шмелев кафедраның қалыптасуына, оның ұжымының кәсіптік өсуіне, қиын да қайғылы Ұлы Отан соғысы жылдарында жұмыс жасауына зор еңбек сіңірді. Соғыс жылдарындағы кадр тапшылығына сәйкес бұл кезеңде Ленинград әскери-байланыс училищесінің оқытушылары қосалқы жұмыс істеуге шақырылды.
Соғыстан кейінгі қиын жылдардағы оқытушылардың атқарған көл-көсір қажырлы еңбектерін бір-ер сөзбен бағалау мүмкін емес. Ғылыми дәрежесі бар оқытушылардың жоқтығына және институттың материалдық базасының жұтаңдығына қарамастан кафедра оқытушылары зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатты. Бұл саптағы тізімге В.И.Шмелев, Г.С.Якимович, С.А.Шапошников, П.И. Токарев және тағы басқаларды қосуға болады.
1950 жылдан бастап кафедра құрамына ірі университеттерді тамамдаған жаңа буын, жас ұрпақ қосылды: Ш.Т.Еркеғұлов, Г.Ф.Маковская, В.Ф.Малявко, Р.М.Маскеев, Г.М.Мұқанов, А.С.Космосова, А.К.Вознякевич, С.Б.Аблялимов, Р.Н.Абдульманов, М.П.Преображенская (Грецкевич), Ш.М.Айталиев, Р.А.Мұқаналиева.
Кейін кафедра құрамы өз түлектерімен толықтырылып отырды: Ю.Ф.Тумпуров, Т.Ж.Назиров, П.К.Суетин, Х.К.Кенжеғұлов, Ү.Б.Қобланова, Г.А.Борисов, Ю.К.Суетин, В.А.Баев, М.Я.Мелях және т.б.
1953-1954 оқу жылы математика кафедрасы екіге бөлінді: жоғары (меңгерушісі Ш.Т.Еркеғұлов), элементарлық (меңгерушісі Ю.Ф.Тумпуров). Келесі оқу жылында жоғары математика кафедрасының меңгерушісі болып 1952 жылы кандидаттық диссертация қорғаған П.И.Токарев тағайындалып, ол осы кафедраға 1968 жылға дейін жетекшілік етті. Ойлы да талапшыл, еңбекқор педагог-ұйымдастырушы Павел Иванович күрделі ғылыми және оқу мәселелерін шешуге қабілетті, кейін ұзақ жылдар физика-математика факультетінің ядросы болған шығармашыл ұжымды құра білді.
60 жылдары кафедрада алғашқылардың бірі болып Ш.Т.Еркеғұлов пен П.К.Суетин кандидаттық диссертация қорғады. Кейін Т.Ж.Назиров, А.К.Вознякевич, С.Б.Аблялимов, Г.А.Борисов, Ю.К.Суетин, Х.К.Кенжеғұлов, Н.С.Байгузов физика-математика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежелерін алды. Бұл жылдар кафедраның өркендеу жылдары болды. Студенттер республикалық математика конкурстарына қатыса бастады. «Математика» мамандығы бойынша бітірген түлектердің екеуі докторлық диссертация қорғады, олар – А.Д.Тайманов (кейін ҚазКСР ҒА академигі, Новосибирск мемлекеттік университетінің математикалық логика кафедрасының меңгерушісі), П.К.Суетин (кейін Мәскеу электрондық техника институтының профессоры).
1968-1972 ж.ж. жоғары математика кафедрасының меңгерушісі доцент Ю.К.Суетин болды. Ол кафедраның материалдық жағынан да, ұйымдық жағынан да беки түсуіне, жас оқытушылардың кәсіптік деңгейде қалыптасуына үлкен үлес қосты. Меңгеруші бола жүріп Юрий Кондратьевич М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті мен КСРО ПҒА-нің Бүкілодақтық сырттай математикалық мектебінің (БСММ) Орал филиалына жетекшілік жасады. Филиал 1963 ж. құрылып, академик И.М.Гельфандтың жетекшілігімен ММУ ғалымдары дайындаған нақты бағдарлама бойынша жұмыс істеді. Ол әрбір БСММ оқушысын қажетті мәліметтермен, ал оқушылардың бақылау жұмыстарын тексеретін оқытушыларды әдістемелік әдебиеттермен қамтамасыз етіп отырды. Филиал жұмысы қоғамдық негізде кафедра оқытушыларының және математика бөлімі студенттерінің күшімен жүргізілді. БСММ оқушыларының бақылау жұмыстарын тексерген математик студенттер дарынды оқушылармен жұмыс істеу тәжірибесіне қанығып, БСММ бағдарламасын меңгеретін. Бұл іс оларды болашақ математика пәні мұғалімдері ретінде даярлауда зор маңызға ие болды.
60 жылдардың аяғы мен 70 жылдардың басында БСММ Орал филиалы КСРО-дағы ең ірілер қатарында болды. ММУ және Новосибирск филиалдарымен қатар оқушыларды өз бетімен қабылдауға құқылы болды (бұл жөнінде БСММ-нің жұмыстарының мазмұны мен қабылдау шарттары жарияланған сол жылдардағы «Квант» жорналының 1-ші нөмірінде атап көрсетіліп жүрді).
КСРО ПҒА және ММУ БСММ-нің Орал филиалы 30 жыл жұмыс істеді (1963-1993жж.)
70 жылдардың алғашқы жартысында «математика», «физика» мамандықтары бойынша 4 жылдық оқу мерзімді және «жалпы техникалық пәндер мен еңбек (физика мамандығы қосымша)» мамандығы бойынша 5 жылдық оқу мерзімді жаңа оқу жоспары енгізілді. Мұның өзі кафедралар штаты мен оның материалдық базасын ұйымдастыруда қайта құруларды қажет етіп, кафедралардағы ғылыми бағыттың одан әрі мамандандырылуын туындатты. Жоғары математика және физика кафедралары жіктеле бөлініп, нәтижесінде алгебра және геометрия, математикалық анализ, теориялық және экспериментальды физика, жалпы физика және физиканы оқыту әдістемесі, математиканы оқыту әдістемесі кафедралары құрылды. Кафедраларға ірі оқу орындарының аспирантурасын бітіріп өз түлектері оралды. Олар: Қ.А.Төлежанов, Ө.Қ.Құспанов, К.Ж.Жұмахметов, М.С.Хұсаинов, З.Ж.Жұбанышева, Ж.С.Сырым (Камкиев), Р.Қ.Құсайынов, С.Х.Тлеуғалиев, С.Х. Ахметкереев, Е.Г.Ташес.
Ғылыми кадрларды даярлауда факультет түлегі, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор П.К. Суетиннің көп көмегі тиді.
Алгебра және геометрия кафедрасын 1972 -1978 жж. доцент А.К.Вознякевич, 1978-1983 жж. доцент Ү.Б.Қобланова басқарды.
Алексей Кондратьевич Вознякевич өзі де ұқыпты, тәртіпшіл, мұқият және сондай ұқыптылық пен қатаң тәртіпті кафедра мүшелерінен де талап ететін мықты ұйымдастырушы еді. Әрбір істе жауапкершілікті талап ете отырып, өз кезегінде, әкімшілік алдында қызметкерлердің мүддесін қорғай да білетін.
Философия ғылымдарының кандидаты Үміт Бисенқызы Қобланова тәрбиеге шебер тәлімгер еді. Ол өткізген шаралардың, мейлі ол кураторлық сағат болсын, мейлі кеш болсын, тәрбиелік мәні орасан зор болатын. Сөзге өте шешен, нағыз оратор болатын. Кафедра оқытушыларын қала, облыс мектептері мұғалімдеріне, оқушылар мен студенттерге математика пәнін, оның қағидаларын дұрыс түсінуге, математиканың нақты өмірмен байланысын көре білуге бағытталған дәрістерді, семинарларды, кештерді, пікірталастарды көбірек ұйымдастыруға жұмылдырды. Үміт Бисенқызы, соған қоса, ақын жанды еді. Бір нәрсеге байланысты екі-үш шумақ өлең шығара қою ол кісіге қиынға соқпайтын. Кафедра оқытушыларына, кураторлық тобының студенттеріне мерекелер алдындағы құттықтау тілегін әркімнің мінезіне, сол сәттегі жетістігіне лайық шығарылған, әзілі де аралас, бір-екі шумақ өлеңмен открыткаға жазып табыстайтын.
Математиканы оқыту әдістемесі кафедрасында Т.Ә.Әбілов кандидаттық диссертациясын қорғады. Кафедрадағы әдістемелік жұмыстардың ұйымдастырылуына Т.И.Олейникова, Л.К.Давилина, Р.А.Мұқаналиева, Ю.Ф.Тумпуров, М.С.Хұсаинов, Ю.К.Ермолаева және т.б. үлкен жауапкершілікпен атсалысты.
1979-1980 оқу жылынан бастап алгебра және геометрия кафедрасы алгебра (меңгерушісі – доцент Ү.Б.Қобланова), геометрия (меңгерушісі – доцент Х.К.Кенжеғұлов) кафедралары болып екіге бөлінді. Бұл арнайы кафедралар ұжымы өздерінің негізгі міндеттері мұғалімдер даярлау екенін естен шығармай, елімізге маман даярлау ісіне өзіндік үлес қосты.
Геометрия кафедрасының жетекшісі Хайролла Кенжеғұлұлы Кенжеғұлов жоғары оқу орнындағы әкімшілік қызметтердің барлық сатысынан өткен, институт құрылымы бөлімдерінің жұмыстарын егжей-тегжейлі білетін, оқу жұмысын ұйымдастыру әдістеріне қанық басшы болғандықтан талапшылдық пен қамқорлықты шебер ұштастыра отырып кафедрада іскер микроклимат қалыптастырды.

1982 жылғы төрт математика кафедраларының оқытушылары.
Ортада институттың оқу ісі жөніндегі проректоры А.З.Петренко

80 жылдардың басында алгебра мен математикалық анализ кафедраларына жас ғалымдар – физика-математика ғылымдарының кандидаттары – С.М. Киров атындағы ҚазМУ-ң түлегі В.С.Мулдағалиев пен М.В.Ломоносов атындағы ММУ-ң түлегі Б.В.Уланов қабылданды. Студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстарына ден қоюына, кафедраларда ғылыми семинарлардың ұйымдастырылуына бұл жас мамандардың әсері айтарлықтай болды.
Бұл жылдары «Математика» мамандығы бойынша бітірген түлектердің тағы біреуі – Р.А.Өтеева докторлық диссертация қорғады. 50-ге жуық түлектер әр салада кандидаттық диссертацияларын қорғап, әр түрлі ұйымдарда, ғылыми орталықтарда, жоғары оқу орындарында алуан түрлі қызметтер атқарып жатты. Олар: Зорщиков А.В., Цыганков А.А., Арчажников В.П., Бисенова Г.Н., Креденцер Е.И., Наумов В., Курлапов Л.И., Карашин Г., Сариева Р.Қ., Илиясов И.И., Төлежанов Қ.А., Байарстанова А.С., Жұмағалиева А.Е., Мұсағалиев Ш.С., Махмудова Ш.Ж., Құрманалина Ш.Х., Өтегенов И.Ө., Хайруллин Ж., Миниус Г.М., Ажғалиев О.А., Ташес Л.Г., Симонова Н.С., Липилина В.В., Шангереев Е.Ш., Қайырғалиев Е.Қ. және т.б.
1996 жылы мамыр айында педагогикалық институт Батыс Қазақстан гуманитарлық университеті болып құрылғаннан соң математика кафедралары біріктіріліп «Математика және МОӘ» кафедрасы болып қайта құрылды. Кафедра меңгерушісі болып доцент Н.С.Байгузов тағайындалды. Кафедра құрамында 16 штаттық бірлік болды, оның 6 доцент, 5 аға оқытушы, 5 оқытушы.
Кафедра қызметінің негізгі бағыты – студенттерге жоғары ғылыми-теориялық дәрежедегі сапалы білім беру. Осы салада студенттердің өздігінен жұмыстануын жоспарлау, ұйымдастыру, талдау, бақылауды Н.С.Байгузов, З.Ж.Жұбанышева, жоғары оқу орны мен мектепте математиканы оқытудың әдістерін Ж.С.Камкиева, А.И.Қарасаева, Л.Г.Орлова жүзеге асырды.
Ғылыми-зерттеу жұмыстары екі бағытта жүрді: іргелі теориялық мәселелер (функционалдық талдау, аппроксимация теориясы, векторлық кеңістіктер, аралас типтегі дифференциалдық теңдеулер, динамикалық жүйелер) және жоғары оқу орнында математиканы оқыту әдістемесі мәселелері.
Кафедра бойынша 7 ғылыми еңбек жарияланып, ҚР ҰҒА математика институтында Ш.О.Ажғалиев кандидаттық диссертация қорғады. Жыл сайын жоғары мектеп тақырыптары бойынша математикалық олимпиада өткізіліп тұрды, 6 студенттік ғылыми үйірме жұмыс істеді. А.К.Вознякевичтің «Кеңейтілген векторлық кеңістіктер» семинарына қатысқан Б.Сатаева, Ю.Руденко, Е.Кичатова республикалық конкурстың жүлдегерлері атанды.
2000-2002 жж. аралығында қаладағы 3 мемлекеттік ЖОО біріктірілуіне байланысты кафедра Батыс Қазақстан аграрлық университетінің математика кафедрасымен бірге, үлкен ұжым болып, 14 факультеттің 41 мамандығының студенттеріне математиканың түрлі салаларын оқыту қызметін аброймен атқарды. Кафедра оқытушылары Тольятти, Орынбор қалаларында өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларда баяндама жасады.
Кафедра 2002 жылы сол кездегі университет ректоры – профессор Б.Қ.Дамитовтың бастамасымен Орал педагогикалық институтының алғашқы түлегі, ҚазКСР ҒА академигі, әлемге танымал математик А.Д.Таймановты еске алуға арналған және математика, физика, информатикадан ғылыми зерттеулерді дамыту мақсатында халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырды. Конференция жұмысына Қазақстанның, Ресейдің белгілі ғалымдары, соның ішінде А.Д.Таймановтың ұлы – Ресей ҒА академигі, Новосибирск мемлекеттік университетінің профессоры, физика-математика ғылымдарының докторы И.А.Тайманов және қызы – М.В.Ломоносов атындағы ММУ-нің доценті, физика-математика ғылымдарының кандидаты Н.А.Шкаликова қатынасты.
Бүгінде мұндай конференция «Тайманов оқулары» деген атпен 5 жылда 2 рет тұрақты өткізіліп келеді.
2003-2004 оқу жылында кафедра меңгерушісі доцент А.Е.Жұмағалиева, ал 2004-2010 жж. аралығында – доцент Б.В.Уланов болды. Бұл – оқытудың дәстүрлі жүйесінің өзгеріп, кредиттік технологияға көшу, түлектерге «білім бакалавры» академиялық дәрежесі берілетін – өзгерістердің бастапқы кезеңі болатын. Борис Васильевич Уланов талапшыл, қатал кәсіби маман ретінде оқыту мәселесіне аса жауапкершілікпен қарап, күрделі өзгерістердің бірқалыпты жүзеге асуын қамтамасыз етті.
2004 жылдан бастап «математика» мамандығы бойынша магистрлар даярланды. Бүгінгі таңда оны 44 маман бітіріп, магистр академиялық дәрежесін алды.
2006 жылы физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент П.И.Токаревтің 90 жылдығына арналған республикалық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды.
Студент Б.Қабасов 2008-2012 жж. аралығында 4 жыл қатарынан, Е.Стульников 2012-2013 жж. 2 жыл қатарынан студенттердің республикалық математикалық олимпиадасының жеңімпаздары атанды.
2013 жылы 13-15 наурызда Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінде өткен студенттер арасындағы математика пәні бойынша республикалық олимпиадада біздің команда командалық есепте 1 орын иеленді (жетекшісі физика және математика кафедрасының оқытушысы М.С. Ерментай).
2011 жылдан физика және математика кафедрасын осы кафедраның 2001 жылғы түлегі, физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент А.А.Кульжумиева басқарады. Кафедра құрамында 2 профессор, біреуі ғылым докторы, 7 доцент, ғылым кандидаттары, 9 аға оқытушы, 7 магистр жұмыс жасайды. 3 магистр Новосибирск мемлекеттік университетінің күндізгі аспирантурасында оқиды және 1 магистр Польшада Ұлы Казимир атындағы университетінде 2 жылдық тағылымдамадан өтуде.
Жас ұрпақ, магистрлардың кафедра құрамына тартылуы оқу үдерісіне жаңа бағыттардың енгізілуіне септігін тигізуде.


ҚР ҰҒА академигі, профессор, физика-математика ғылымдарының
докторы М.Өтелбаев кафедраға келгенде. 2015ж.

Айман Амангельдиевна Кульжумиева адамгершілігі мол, парасатты, білікті басшы ретінде кафедраны алға жетелеп келеді.
Университетімізде 2011 жылдан бастап енгізілген жыл сайынғы «Инновациялық жобаларды енгізу» байқауының 2011-2012 оқу жылындағы сайысында доценттер А.А.Кульжумиева мен З.Ж.Алеуованың «Пәнді оқытуда арнайы программаларды қолдану» тақырыбындағы жобасы «Иновациялық оқытуды енгізу» номинациясы бойынша дипломмен, 2012-2013 оқу жылындағы сайысында магистрлар Г.М.Айтенова мен Г.А.Ұзақбаеваның «Сызықтық теңдеулер жүйесі тақырыбына есептер құрастырудың жеңіл әдістері» тақырыбындағы жобасы «Инновациялық әдістеме» номинациясының дипломымен, ал 2015-2016 оқу жылындағы сайысында доцент А.Е.Жұмағалиеваның жетекшілігімен магистр А.Ашекенованың «Көп тілді топтарда математикадан өзіндік жұмыстарды ұйымдастыру» тақырыбындағы жобасы «Инновациялық оқытуды енгізу» номинациясы бойынша жеңімпаз атанып, 1 дәрежелі дипломмен мараппаталды.
2012 жылдан бастап «Математика және физика» мамандықтары бойынша көптілде оқитын студенттік топтар ашылды. Соңғы жылдары кафедраның алыс-жақын шетелдердің ЖОО-мен байланысы атарлықтай дамуда. Математика мамандығының 30-ға жуық студенті академиялық ұтқырлық бағдарламасымен Ресей, Польша, Германия елдерінің университеттерінде білім алды.
Кафедрада оқытушылардың да академиялық ұтқырлық бағдарламасы ұйымдастырылды. 2012-2013 оқу жылының 1 семестрінде «Математика» мамандығының студенттеріне Қалмақ мемлекеттік университетінен ф.-м.ғ.к., доцент С.Б. Джиргалова «Комплекстік талдау» пәні бойынша; Польшаның Ұлы Казимир атындағы университетінен PhD докторы П. Своровски «Дискреттік математика және математикалық логика» пәні бойынша; осы университеттің профессоры К.Фабисяк «Атом және атом ядросының физикасы» пәні бойынша дәріс оқыды.
2013 жылдың 22 мамыр күні Новосибирск мемлекеттік университетінің ф.-м.ғ.д., профессоры Я.В. Базайкин «Ерекше нүктелер және топология» тақырыбы бойынша кафедраның оқытушыларына, студенттер мен магистранттарға онлайн дәріс оқыды.
Доцент Кульжумиева А.А. 2012 жылдың наурыз айында Қалмақ мемлекеттік университетінің студенттеріне «Дифференциалдық теңдеулер» пәні бойынша, сәуір айында Польшаның Быдгош қаласындағы «Туризм және мәдениет» институтынының студенттеріне «Дербес туындылы дифференциалдық теңдеулер» тақырыбында дәріс оқыды.
Кафедра ғалымдары қала және облыс мектептеріне жоғары білікті кадрлар даярлаумен, білім берудің сапасын көтерумен, оқыту үдерісіне жаңа технологиялық әдістерді енгізу мәселелерімен айналысады.
85 жыл ішінде кафедра мыңдаған мамандар даярлап шығарды, олар әр түрлі салада жемісті еңбек етуде.