Кәсіби бағдар - оқушыларға кәсіп таңдауда бағыт-бағдар беру. Сонымен қатар кәсіби бағдар беру - өмірге жаңа аяқ басқан адамға бағыт беру жұмысының жүйесі. Кәсіби бағдар беру - жастардың қабілеті, қызығушылығы, икеміне байланысты және қоғамдық сұраныстарға сәйкес бағытталған қызмет түрі.
Кәсіби бағдар беру жұмыстарын жүргізудің бір көрінісі бұл-жексенбілік мектеп. Құзыреттілік-бағдарлы оқытуда ақпараттық технологияны тиімді қолдануға үйретуді мақсат еткен кафедраның оқытушылар қауымы жыл сайын дәстүрлі түрде жексенбілік мектепті ұйымдастырып келеді. Жексенбілік мектептің мақсаты- кәсіби баулу арқылы оқушылардың мамандыққа деген қызығушылығын ояту. Осыған дейінгі екі жылда оқушы саны он болса, қазіргі уақытта қаламыздың №1 және №47 ЖОББМ қатысушыларының саны он жетіге жетіп отыр. Оқу жылының басында жексенбілік мектеп жоспары құрылып, бекітілді.Әр аптаның екі күніне жоспарланған сабақта оқушылар «Информатиканың қоғамдағы маңызы», «Информатиканың қызықты есептері», «Робототехникалық сабақ» «Көркем фотография» «Виртуалды зертхана» «Интернет олимпиада» «Компьютерлік шахмат» т.б. тақырыптар бойынша жұмыстанады. Сонымен қатар жексенбілік мектеп аясында шеберлік кластар, тренинг сабақтар, дөңгелек үстел, олимпиада, интеллектуалды сайыстар өткізіліп отырады. Әрине, ғылымның бастау көзі ол жаңа жобалар жасау. Сондықтан оқушылар жобалау іс- әрекетінде мектеп қабырғасындағы зерттеушілік жұмыстарының жандануына ықпал ету және құзыреттілігін қалыптастыру мақсатында өздерінің тың идеялары мен бастамашыл ойларын ортаға салып, ғылыми ізденістегі ойларымен, алдағы уақыттағы жоспарларымен кафедра ұжымымен бөлісіп отырады. Осындай іс-әрекеттердің арқасында қоғам талап етіп отырған шығармашылық қабілеті жоғары, өз ойын жүйелі де ашық айта алатын, қоғамға еркін сіңетін, өндіріске белсене араласатын азамат қалыптасады.